ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Сенаторлар нысандарды аралады

Экономика
Олардағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Алишер Сатыбалдиевтер келді. Олар алғаш 35,0 миллиард теңгеге салынып жатқан «Казкрахмал» зауытында болып, ондағы жүгеріні кептіру ор-ындарын аралап көріп атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Толық пайдалануға берілгенде бұл зауытта 500 адам жұмыспен қамтылып, 27 түрлі өнім шығарылмақ. Келер жылы аумағы 35 гектар бұл индустриалды аймақта қайнаған еңбек басталмақ.
Біздің еліміз шамамен 600 мың тоннаға жуық қантты сырттан алатынын, егер зауыт өз қуатында жұмыс жасаса сол сұраныстың жарымын өтей алатынын айтқан сенатор Әли Бектаев:
–Қазіргі таңда мақтаға деген сұраныс төмен болып тұр. Келешекте мақтаны терең өңдеу зауыттарының са-лынуы нәтижесінде сұраныс артады деген сенімім бар. Ал оған дейін жердің құнарлылығын арттыратын ауыспалы егіске көшіп жоңышқа, күріш, жүгері егуді қолға алып, одан түрлі өнімдерді шығару керек. Жүгері, күріш өңдейтін зауыттар салудағы басты мақсат сол. Әрі жұмыс орны болады, – деді.
Келесі кезекте депутаттар қаладағы салынған күріш өңдеу зауытында болды. Зауытта күріш салысын егу, жинау, оны қауызынан ажырататын техникалардың бәрі өздерінде бар болғандықтан шығын аз болып, көл-көсір пайда алынбақ. Зауытта өз өнімдерімен қатар өзге диқандардың да күріш салысы өңделмек. Алдағы жылдарда зауытта атқарылатын жұмыс көлемі арттырыла отырып тәулігіне 60 тонна өнімін ішкі нарыққа шығармақ.
Елімізде ұстаздардың мәртебесін арттыру туралы заң қабылданып, жалақылары екі есеге артқанын, енді балалардың сапалы білім алуын жақсарту бағытында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатқанын, Түркістан облысында салынатын 29 мектептің 2-і Шардара ауданына тиесілі болғанын айтқан депутаттар қаладағы 1200 орындық «Жайлы мектепті» аралап көріп, ұстаздар мен оқушыларға барлық жағдайдың жасалып жатқандығының куәсі болды. Осындай білім ордасынан ойы ұшқыр, білімді, елім дейтін азаматтардың шыға беруіне тілектес екендіктерін білдірді.
Сенаторлар кездесулерде тұрғындар, кәсіпкерлер мен ұстаздар тарапынан айтылған өтініштер бойынша да алда жұмыстар атқара беретіндіктерін айтты. Барлық нәрсенің шешімі болатынын, оған уақыт пен мүмкіндік келетінін, сабырмен мұратқа жетуге болатынын атап өтті.

Ж.ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda