ШАРТАРАП ШАРАЙНА

БӨДЕНЕ ӨСІРУ ДЕ ТАБЫС КӨЗІ

Экономика
Бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Ал, дәмі тіл үйіреді, әрі тойымды. Дәлірек айтсақ, кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда, бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және D дәрумендері екі есе көп.
Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол. Бөдене еті мен жұмыртқасы сырқат адамның жазылуына, дені сау адам үшін аурудың алдын алуға көмектеседі.
Тұрысбеков ауылдық округінің «Ақберді» елді мекеніндегі Қариев Нұрболат Нұрмаханұлының «Нұрасыл» фермерлік қожалығы жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Өткен жылы мұнда 3 миллион теңгеге инвестиция тартылып 2,0 гектар жерге алма ағаштарының көшеттері отырғызылса, биылғы жылы да 9,0 миллион теңгеге инвестиция тартылып, құс өсіру бағытында бөдене өсіру қолға алынды.
Қос мереке қарсаңында аудан әкімі Арман Қарсыбаев осы фермерлік қожалықта болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Балапан өсіру, құс өсіру, сұрыптау және инкубация цехтарын аралап көрді. Жылу, желдету, құс торларын тазалау секілді жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Фермер қожалығының иесі Нұрболат Қариев 7000 құсқа арналған жайды таныстырып, қазір 3000-нан астам бөдене өсіріліп жатқанын, алдағы кезде ферма аумағын 1,0 гектарға дейін кеңейтіп, өнімді ауданымыздан бөлек өзге өлке, мемлекеттерге экспортқа шығаруды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Инкубация цехына салынған жұмыртқа 17 күнде балапан болып шығады. Бір ай көлемінде жеке бағылған олар кейіннен жұмыртқалайтын және етті бағытқа бөлініп, екі ай көлемінде толық өнім бере бастайды.
Қазірдің өзінде мұнда бөдене өнімдері – жұмыртқасы мен еті бір реттік пакетке салынып сауда нүктелеріне жөнелтілуде. Сыртында өнімнің тағамдық және энергиялық құндылығы, сақтау мерзімдері көрсетілген. Бағасы да қолжетімді.
Аудан басшысы аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімнің басшысы Өмірбек Рүстемовпен бірге алма бағын аралап көрді. Тамшылатып суғару әдісімен егілген «Golden Delicious» алма ағаштары биылдың өзінде гүлдей бастаған. Барлық жұмыстар талапқа сай атқарылуда.
Аудан басшысы жаңа бастамаларға оң бағасын беріп, алдағы кезде мемлекеттік қолдаулар көрсетіле беретінін атап өтті.
– Біз ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын осындай кәсіпкерлердің қатарын көбейтіп, олардың жұмыс тәсілін елге насихаттауымыз керек. Сонда халықтың әл-ауқаты артады, – деді аудан басшысы.
Осы кезге дейін де балық өсірумен, биогумус өндірумен айналысып келген Нұрболат Нұрмаханұлының алма, құс өсіру бойынша да бастамашыл болған ісінде алдағы кезде мол жетістіктер тілейміз.

Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda